• Хат жазыңыз:Email: ko_kazguu@mail.ru
  • Мекен-жай:Қызылорда қаласы, Қонаев 17
  • Телефон:+7 (7242) 277527
Blog Detail Image
  • 13.10.2024
  • 21

"Абай шығармаларының рухани тәрбиелік маңызы"

9-11 қазан күндері тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының “толық адам” тұжырымдамасын жастар арасында насихаттау, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған "Абай шығармаларының рухани тәрбиелік маңызы» тақырыбында ZOOM жүйесі арқылы танымдық сабақ өтті.
Бұл шара ұлы ақын және ойшыл Абайдың рухани мұраларын жастарға түсіндіру мен оның философиясын заманауи қоғамға ықпал ететін маңызды құндылық ретінде танытуға бағытталды. Сабақ барысында Абайдың адамгершілік, тәрбиелік және рухани тұжырымдамаларына ерекше назар аударылды.
Танымдық сабақтың алғашқы баяндамашысы Абай ҒЗИ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Жұматайқызы Мұсалы “Абайдың Кісілік Кодексі және оның заманауи маңызы” тақырыбында сөз сөйлеп, ойшылдың адам болмысы мен кісілік қасиеттеріне арналған идеяларын бүгінгі қоғамның заманауи талаптарына сай түсіндіру жолдарын баяндады. Оның айтуынша, Абайдың Кісілік Кодексі қазіргі заманғы адамгершілік мәселелерін шешуде маңызды құрал бола алады.
Абай ғылыми зерттеу институтының (ҒЗИ) профессоры Д.Ысқақұлы “Абай Құнанбайұлы және рухани тәрбие мәселелері” тақырыбында сөз сөйлеп, Абайдың рухани мұрасы мен оның адамзатқа ұсынған рухани тәрбие ұстанымдарының тереңдігін ашып көрсетті. Ол Абайдың шығармаларында адамгершілік, әділдік, шыншылдық және білімге деген құштарлықтың қалай дәріптелгенін атап өтіп, жастарды сол құндылықтарды бойларына сіңіруге шақырды.
Келесі кезекте Абай ҒЗИ профессоры Т.Тұяқбай “Абай мұрасының халықаралық деңгейде насихатталуы” тақырыбында баяндама жасады. Ол Абайдың әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде танылуы және оның шығармаларының шет елдерде қалай насихатталып жатқанын айтты. Профессор Тұяқбайдың баяндамасы жастарға Абайдың тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемнің рухани байлығы болып саналатынын түсіндірді.
Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми зерттеу институтының қазіргі абайтану саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары жайлы да маңызды ақпарат берілді. Абай мұрасының терең зерттелуі мен оның қазіргі ғылыми ортада қандай өзекті мәселелермен байланысты екені талқыланды.
Абайдың “толық адам” тұжырымдамасы жастардың рухани дамуына және олардың заманауи қоғамда өз орнын табуға бағытталған маңызды философиялық қағида ретінде ұсынылды.
Іс-шараға қатысқан студенттер Абай мұрасының тереңдігіне көз жеткізіп, оның идеяларының бүгінгі күнмен қаншалықты үндес екенін түсінді. Олар Абайдың Кісілік Кодексін заман талабына сай қолданудың маңыздылығын толықтай қабылдады және өз өмірлерінде осы рухани құндылықтарды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбиені дәріптеуге бағытталған осындай іс-шаралар жас ұрпақты рухани бай, саналы және адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуге ықпал етеді.