
«Дизельді отындар»
Арнайы пән оқытушысы Садықова Айгерім «АК-9-33г» оқу тобында «Техникалық сұйықтықтарды және жанар-жағар май материалдарын қолдану» пәнінен «Дизельді отындар» тақырыбында ашық сабақ өтті.
Сабақ барысында студенттер дизель отындарының қасиеттері, олардың түрлері және қолданылу салаларымен танысты. Белсенділік танытып, сұрақтарға жауап берген және үй тапсырмасын орындап келген студенттерге қазақтың дәстүрлі ойыны – асық ату мүмкіндігі берілді, бұл олардың қызығушылығын арттырып, сабаққа деген ынтасын оятты.
Жаңа тақырып бойынша білім алушылар жаздық дизель отынының қату температурасын тәжірибе арқылы зерттеді. Дизель отынын тоңазытқышқа салып, төмен температурада оның парафин сияқты қатып, кристалданғанын көрді. Бұл тәжірибе дизельдің қысқы және жазғы түрлерінің айырмашылығын түсінуге көмектесті.
Сондай-ақ, сабақта антифриз бен тосолдың араласуы және дизель мен судың әрекеттесуі тәжірибе жүзінде зерттелді. Бұл тәжірибелер арқылы студенттер әртүрлі химиялық заттардың қасиеттері мен олардың бір-бірімен өзара әрекеттесуін нақты көріп, тереңірек түсінді.
Сабақтың нәтижесінде студенттер дизель отындарының практикалық қолданыс салаларын, олардың физикалық қасиеттерін және әртүрлі температура жағдайында қалай өзгеретінін тәжірибелер арқылы біліп шықты.