
ТЕМЕКІДЕН БАС ТАРТУ - ӨЗІҢЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ!
БҚ-9-33Г оқу тобында «Денсаулық және мен: темекінің зияндылығы» тақырыбында тәрбие сағат өтті. Топ жетекшісі Қуанышбаева студенттерге зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын сақтау және темекінің денсаулыққа тигізетін зияны туралы жан-жақты мағлұмат берді. Топ студенттері темекінің шығу тарихына, оның құрамы мен құрылымына тоқталып, адам ағзасына қалай әсер ететінін жан-жақты түсіндірді. Темекінің құрамындағы никотин, шайыр, көміртегі тотығы және басқа да улы заттар тыныс алу жүйесіне, жүрек-қан тамырларына, асқазанға және жалпы иммунитетке қалай зиян тигізетінін баяндады.
Сонымен қатар, қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, темекі шегудің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы пікір алмасты. Олар темекі шегудің жасөспірімдердің өміріне әкелетін қауіп-қатерлері, сонымен қатар оған тәуелділіктің алдын алу жолдары туралы ой қозғады. Топ жетекшісі темекіден бас тартудың тиімді әдістерін ұсынды, оның ішінде: спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, психологиялық мотивация, зиянды ортадан алшақ болу, темекіге балама ретінде пайдалы әдеттерді қалыптастыру секілді кеңестер берілді.