• Хат жазыңыз:Email: ko_kazguu@mail.ru
  • Мекен-жай:Қызылорда қаласы, Қонаев 17
  • Телефон:+7 (7242) 277527
Blog Detail Image
  • 16.02.2025
  • 3

«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ҚАЛАСЫ» ФЕСТИВАЛІ: 250 ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 11-15 ақпан аралығында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі сәтті аяқталды. Бұл іс-шара еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуда маңызды қадамға айналды. Фестивальдің ашылуында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтау сөз сөйлеп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Бес күн бойы өткен фестивальге еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам қатысты. Қонақтар 200-ден астам жұмысшы мамандықтарымен танысып, 8 тақырыптық көше мен 40 интерактивті алаңды аралады. Іс-шара барысында мектеп оқушылары мен ата-аналарға ерекше көңіл бөлініп, 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, өздерінің дағдылары, қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтады. Бұл олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына көмектесетін маңызды тәжірибе болды.

Фестивальдің басты жетістіктерінің бірі – колледждер мен кәсіпорындар арасында 250-ге жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл жұмысшы мамандықтарын дамыту мен еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлауда үлкен қадам болып табылады. Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бизнес-қоғамдастық пен инвесторлармен ынтымақтастықты нығайта отырып, 270-тен астам мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту және колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Министр сөз соңында фестивальді ұйымдастыруға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосқан барлық министрліктерге, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға, кәсіпорындарға, колледждерге және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғыс білдірді. «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі жастардың болашағына бағытталған маңызды қадам бола отырып, еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласының дамуына серпін берді.