
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫС: ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ ЖАҚЫНДЫҒЫ
🇰🇿🇹🇷ORDA жоғары колледжі Түркия Республикасының беделді білім беру ұйымдары – Сельчук, Османгази, Кожатепе университеттерімен әріптестік орнатып, мәдени және ғылыми байланысты жаңа деңгейге көтерді. Бұл ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде «Қазақ және түрік халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері арасындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтары» атты халықаралық семинар ұйымдастырылды. Аталмыш семинар 2024 жылдың 30 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1134 қаулысына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру, сондай-ақ шетелдік колледждермен бірлескен бағдарламаларды дамыту мақсатында жүзеге асты.
Семинар барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Абасилов Аман Мәделханұлы мазмұнды баяндама жасап, түркі халықтарының рухани тамыры мен ұлттық ерекшеліктеріне тоқталды. Түркия тарапынан Османгази университетінің профессорлары Metin Erdoğan, Cüneyt Akın, Kahraman Mutlu, сондай-ақ Afyon Kocatepe университетінің және Денизли қаласы білім басқармасының өкілдері өз пікірлерімен бөлісіп, екі ел арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерге жан-жақты шолу жасады.
Семинар аясында қазақ пен түрік халықтарының отбасылық құндылықтары, бала тәрбиесі, әйел затына құрмет, үлкенге ізет көрсету, сүндетке отырғызу, құда түсу және қонақжайлық секілді ортақ дәстүрлері кеңінен талқыланды. Түріктердің «Жәннат – аналардың аяғының астында» деген нақыл сөзі мен қазақтың «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызыңды өтей алмайсың» дейтін тағылымы ұқсас дүниетанымнан хабар береді. Сонымен қатар, мәдениетіміздегі айырмашылықтар да сөз болды.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, ф.ғ.к, профессор Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы мен ORDA колледжінің түрік тілі пәні оқытушысы Ömer Çakraz сөз сөйлеп, рухани сабақтастықтың маңызын атап өтті.
Бұл халықаралық семинар – бауырлас халықтардың тарихи бірлігін, мәдени ұқсастығын дәріптеудің айқын үлгісі. Мұндай игі шаралар арқылы біз тек білім мен тәжірибе алмасып қана қоймай, түркі жұртының бірлігін одан әрі нығайтуға үлес қосамыз.