• Хат жазыңыз:Email: ko_kazguu@mail.ru
  • Мекен-жай:Қызылорда қаласы, Қонаев 17
  • Телефон:+7 (7242) 277527
Blog Detail Image
  • 29.04.2025
  • 2

АЛТЫН АДАМНЫҢ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН ҒАЛЫМ - МАҒРИПА ЖЫЛҚЫБАЕВА



29 сәуір күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен «ORDA» жоғары колледжінің бірлесуімен жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми мұрасына арналған «Мағрипа Жылқыбаеваның зерттеу еңбектерінің тарихи маңызы» атты мазмұнды дөңгелек үстел өтті.

Бұл — жай ғана ғылыми басқосу емес, тарих пен тіл, жазу мен өркениет туралы тың парақтар ашылған рухани кеш болды.

Кешке арнайы қатысқан сала мамандары:
Ф. Елеусизова – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, гид-аудармашы, Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми мұрасын насихаттаушы-зерттеуші;
Ғ. Ыдырысова – Абай атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын мамандандырылған сыныптары бар мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі;
Г. Бисен – Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі;
А. Аққожаева – М. Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі.

Мағрипа Жылқыбаеваның есімі — адамзаттың көне өркениетіне жаңаша көзқарас қалыптастырған тұлғалардың қатарында. Ол — әлемде тұңғыш рет Есік қорғанынан табылған Алтын адамның жәдігерлері негізінде прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған ғалым. Күміс зереншеге (құмыраға) бедерленген 26 таңба — қазақ халқы ғана емес, күллі адамзат баласы үшін құнды мұра. Бұл таңбалар – тіл, жазу, дін, дүниетаным, мәдениет туралы тың тұжырымдарға бастайтын алтын көпір.

Мағрипа Жылқыбаева — тарихқа жан бітірген тұлға. Оның мұралары — біздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды, қайда бара жатқанымызды түсінуге бағытталған құнды дерек.

Шара барысында ғалымның зерттеулері тек тарихшы үшін емес, педагог, лингвист, археолог, филолог және жастар үшін де үлкен маңызға ие екені кеңінен талқыланды. Жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда осындай еңбектердің орны ерекше екендігі айтылды.

Кеш соңында оқырман назарына «Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым» атты кітап көрмесі ұсынылып, көрмеде ғалымның еңбектері, фотоматериалдары және сирек архивтік деректер қойылды.

Ұйымдастырушылар: колледж әдіскері А.Бекенова және колледж кітапханасы қызметкерлері