
“ORDA” ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНДЕ СТУДЕНТТЕРМЕН ТҮСІНДІРМЕЛІ-АҚПАРАТТЫҚ САҒАТ ӨТТІ
“ORDA” жоғары колледжінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірмелі-ақпараттық сағат өтті. Іс-шараға Қызылорда ҚПБ қабылдау-тарату орнының бастығы, полиция капитаны Муханов Еркебұлан Әділханұлы, ҚПБ ЖПҚб ЮПб УПИ полиция капитаны Енсебаев Руслан Кожаханович, сондай-ақ полиция лейтенанты Болатқызы Инабат қатысты.
Кездесу барысында мамандар студенттерге буллинг, есірткі қолдану, ойынқұмарлық, жол қауіпсіздігі, мопедті заңсыз жүргізу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берді. Олардың айтуынша, буллинг – жасөспірімдердің психикалық денсаулығына кері әсер етіп, психологиялық қысымға ұшырауына себеп болады. Сонымен қатар, заң бойынша мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Есірткі мен психотроптық заттарды қолдану – тек денсаулыққа зиян келтіріп қана қоймай, адамның өмірін түбегейлі өзгертіп, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мамандар жастар арасында кең таралып келе жатқан ойынқұмарлық мәселесіне де тоқталып, ставкалар, онлайн казино және құмар ойындарға тәуелділік жасөспірімдерді қаржылық қиындыққа ұшыратып, заңсыз әрекеттерге итермелейтінін айтты. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында мопед пен электрлі самокатты заңсыз жүргізудің жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі екені түсіндірілді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге мопед пен скутер жүргізуге тыйым салынған, ал жол қауіпсіздігін сақтамау қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.
Сала мамандарына студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдары өкілдерінен нақты жауаптар алды. Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды заңға бағынуға, өз өмірі мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрету болды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.