
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ – КОЛЛЕДЖ КЕҢІСТІГІНДЕ
2025 жылғы 17 сәуір күні «ORDA» жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Халықаралық тәжірибе – колледж кеңістігінде» тақырыбында ауқымды халықаралық семинар өткізілді. Семинардың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және әлемдік тәжірибеге сүйене отырып колледж білім кеңістігін жаңа деңгейге көтеру.
Семинар аясында мынадай маңызды бағыттар талқыланды:
Қазақстан, Түркия, Германия және Қырғызстан елдеріндегі білім беру жүйелерінің реформалары мен тәжірибелері;
Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін арттыру жолдары;
Халықаралық әріптестік байланыстарды дамыту мен ортақ білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;
Техникалық және кәсіптік білімді интернационалдандыру, яғни шетелдік колледждермен бірлескен жобаларды дамыту.
Семинардың ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, профессор – Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті басшысының орынбасары – Қасымова Ақзира, Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығының білім атташесі – Айхан Коркмаз сөз сөйлеп, семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.
Шараға:
Түркия Республикасынан – «Селчук» университеті колледждерінің өкілдері;
Қырғыз Республикасынан – «Қырғыз-Корей колледжінің» делегациясы;
Германиядан – «SES» халықаралық сарапшылар ұйымының өкілдері;
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалы;
Қызылорда облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен оқытушылары қатысты.
Семинар барысында «ORDA» жоғары колледжі мен Түркия, Қырғызстан елдерінің оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар – алдағы уақытта халықаралық деңгейде бірлескен білім беру жобаларын, академиялық алмасуларды, тәжірибе бөлісуді жүзеге асыруға жол ашады.