
ӘЗ-НАУРЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
“ORDA” жоғары колледжінде күн мен түн теңеліп, табиғат жаңарған шақта қазақтың қастерлі дәстүрлерін ұлықтау, ұлттық рухты нығайту мақсатында колледжімізде Наурыз мейрамына орай ерекше думанды шара өтті. Педагогикалық-гуманитарлық бірлестіктің ұйымдастыруымен өткен бұл мерекелік іс-шарада қазақ халқының бай мәдениеті, салт-дәстүрлері дәріптеліп, студенттер мен оқытушылар арасында шынайы мерекелік көңіл-күй орнады.
Мерекеде «Бата беру», «Шашу шашу» сияқты дәстүрлер көрсетіліп, олардың мән-мағынасы түсіндірілді. Студенттер қазақ халқының ежелгі ғұрыптарын көріп, олардың өміріміздегі орны ерекше екенін сезінді. Қазақ дастарханының сәні – наурыз көже, бауырсақ, құрт, қымыз, шұбат сияқты дәстүрлі тағамдар дайындалып, қатысушыларға ұсынылды. Әсіресе, наурыз көженің молшылық пен тоқшылықтың символы екені айрықша атап өтілді.
Мерекелік кеште ұлттық киім киген студенттер мен ұстаздар жыр-терме айтып, күй шертіп, ән салып, халық билерін орындады. Әсіресе, домбыраның күмбірлеген үні мен қазақтың әсем әндері жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Көктемнің шуағы әр шаңыраққа қуаныш, береке, молшылық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ынтымағымыз бекем болсын! Әз-Наурыз құтты болсын!