ЖАЛПЫ БІЛІМДІК ПӘН ОҚЫТУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕС
18 қараша күні директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Г.Тажикова және кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары А.Бекенованың ұйымдастыруымен колледждің жалпы білімдік пәндер оқытушыларына арналған оқу-әдістемелік және ғылыми материалдарды әзірлеу бойынша кеңес өткізілді.
Кеңес барысында оқу-әдістемелік кешендерді Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және жұмыс берушілер талаптарына сай жыл сайын жаңарту қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ цифрлық білім беру ресурстарын тиімді енгізу, бейне-дәрістерді, интерактивті бағдарламаларды пайдалану және оқу материалдарын цифрлық форматқа ауыстыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, оқытушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына, педагогикалық жобаларға, әдістемелік баяндамалар әзірлеуге белсенді тарту, жалпы білімдік пәндерді кәсіптік бағытта оқытуды дамыту жөнінде ұсыныстар берілді. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауда критериалды бағалау, портфолио жинақтау, кейстік тапсырмалар мен жобалық жұмыстарды кеңінен қолдану қажеттілігі де ерекше айтылды.
Авторлық оқу құралдары, электрондық ресурстар мен тест жинақтарын дайындауды қолдау, оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету және бұл бағыттағы жұмыстарды ішкі гранттар арқылы қолдау мәселелері де қарастырылды.
Жалпы білімдік пәндер бойынша әзірленетін оқу-әдістемелік және ғылыми материалдардың сапалы, өзекті және білім алушылардың кәсіби дайындығымен тығыз байланысты болуы колледждің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны атап өтілді.
Кеңес соңында 2024–2025 оқу жылында аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес педагог-модератор және педагог-сарапшы біліктілігін алған бірқатар оқытушыларға куәліктері салтанатты түрде табысталды.
