ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ АСТАНА БОЛҒАНЫНА 100 ЖЫЛ: ЗИЯТКЕРЛІК ДОДА ӨТТІ
19 қараша күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «ORDA» халықаралық жоғары колледжінде Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына арналған «Кім? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойыны өтті. Шара барысында өңіріміздің тарихи және мәдени мұралары кеңінен насихатталып, қатысушылардың білім деңгейі мен ой ұшқырлығы сынға түсті. Сонымен қатар, командалардың бірлесе жұмыс істеу дағдылары да байқалды.
Зияткерлік ойын үш мазмұнды кезеңнен тұрды:
«Туған өлке – тұнған шежіре» – Қызылорданың тарихына қатысты сұрақтар;
«Сырдың сырлы ескерткіштері» – аймақтағы тарихи және киелі орындар туралы тапсырмалар;
«Сыр елінің ақын-жазушылары» – өңір әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арналған кезең.
Қазылар алқасы кезеңдер қорытындысын шығарып, ерекше көзге түскен үздік топтарды дипломдармен марапаттады. Шара барысында қатысушылар мен қонақтар назарына «Кітап – өмір ұстазы» атты мазмұнды кітап көрмесі ұсынылды.
