ЖЕЛІЛІК ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫ ТЕСТІЛЕУ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕЛІК АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ
АҚ-9-12Г оқу тобында «КМ 4. Ақпаратты қорғаудың және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бағдарламалық-аппараттық құралдарының жұмысқа қабілеттілігін әкімшілендіру және қолдау» кәсіптік модулі аясында арнайы пән оқытушысы Тажикова Гульшара Дуйсенбаевна ұйымдастыруымен тәжірибелік ашық сабақ өтті.
Студенттер желілік құрылғылардың жұмыс істеу принциптерімен танысып, олардың тестілеу қажеттілігін, диагностикалау тәсілдерін және желілік ақауларды анықтау жолдарын тәжірибе жүзінде меңгерді. Оқушылар ping, tracert, ipconfig сияқты негізгі тестілеу командаларын қолданып, желідегі ақауларды талдау және оларды жою бойынша практикалық жұмыстар орындады. Сабақ түсіндіру, көрнекілік, практикалық, проблемалық оқыту және интерактивті әдістерді қамти отырып, студенттердің техникалық ойлауын, талдау қабілетін және желілік құрылғылармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Сабақ барысында жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылып, оқу материалы құрылымдалды, техникалық командалар бойынша нақты түсіндірмелер ұсынылды, желілік ақаулардың модельдік жағдайлары жасалды, интерактивті тест сұрақтары әзірленді және оқу контенті автоматтандырылған түрде студенттерге ұсынылды. Тәжірибелік бөлімде студенттер мекеменің үш бөлмесін қамтитын толық локальды желі сызбасын жасап, желілік құрылғылардың орналасуын, IP-адрестердің бөлінуін, кабельдік жүйені, логикалық және физикалық құрылымды толық көрсетті. Олар жұмыс станциялары, коммутатор, роутер, сервер арасындағы өзара байланысты схемалық түрде бейнелеп, стандартқа сай желілік символдарды дұрыс қолданды. Бұл тапсырма желілік архитектураны жоспарлау, жүйелі ойлау, техникалық жобалау, қауіпсіздік пен масштабтау аспектілерін ескере отырып, кәсіби құзыреттілікті арттыруға үлкен ықпал етті. Ашық сабақ теория мен практиканы ұштастыра отырып, студенттердің желілік технологиялар саласындағы білімін тереңдетіп, нақты өндірістік міндеттерді орындауға дайындығын күшейтті.
