КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ - 2026
11 желтоқсан күні Халықаралық “ORDA” жоғары колледжі директорының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары А.Е. Бекенова және “Құқықтану” мамандығының оқытушысы М.Е. Кемелбеков Ж. Нұрсейітов атындағы №233 орта мектебінің 9-сынып оқушыларымен кәсіби бағдарлау кездесуін өткізді. Кездесуде оқушыларға мамандықтар әлемі таныстырылып, болашақ білім жолын таңдауға қажетті бағыттар көрсетілді.
Шара барысында колледждің оқу процесін, материалдық-техникалық базасын, халықаралық серіктестік бағдарламаларын және студенттерге жасалған жағдайларды қамтитын таныстырылым бейнематериал көрсетілді. Сонымен қатар, оқытылатын мамандықтар туралы ақпараттық брошюралар таратылып, әр бағыттың ерекшеліктері түсіндірілді.
Іс-шараға колледждің белсенді студенттерінің бірі, “Шет тілі” мамандығының студенті Кеңес Дильяра қатысып, өзінің оқу тәжірибесімен бөлісті. Ол мектеп оқушыларын болашақ оқу орнын таңдауда сауатты шешім қабылдауға, өз қабілеті мен қызығушылығына сай жол таңдауға шақырды.
Оқушылардың сауалдарына жауап беріліп, қабылдау тәртібі, құжат тапсыру кезеңдері және оқу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ұсынылды.
Мектеп әкімшілігі кәсіби бағдарлау жұмысының оқушылар үшін өзекті әрі пайдалы екенін атап өтіп, Халықаралық “ORDA” жоғары колледжіне алғысын білдірді.
