ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ
Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп әрбір азаматтың заңды білуі мен оны құрметтеуінен басталады.
Эл-9-13г және Эл-9-12г оқу топтарында жасөспірімдерге арналған қауіпсіздік сабағы өтті. Сабақ барысында студенттерге кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүріс-тұрысына қойылатын шектеулер мен құқық бұзушылықтың заңдық салдары, ата-аналардың және мекеме иелерінің жауапкершілігі туралы толық ақпарат берілді.
Сабаққа Қызылорда ҚПБ ЖПҚб ЮПб аға УПИ-ры полиция майоры М. Нағашыбаев қатысып, студенттерге құқықтық ережелерді түсіндіріп, нақты мысалдармен түнгі уақыттағы тәртіптің маңыздылығын айтты. Ол жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін сақтауы тиіс ережелерді, қылмысқа қатысушылық түрлерін — орындаушы, ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші — толық түсіндірді және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, заңға сәйкес, жасөспірімдер заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде, соның ішінде түнгі клубтарда, кафе-барларда, мейрамханаларда, интернет-кафелерде, компьютерлік және бильярд залдарында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін болмауы тиіс. Сол сияқты көшелерде, саябақтарда, аулалар мен басқа қоғамдық орындарда сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін жүруге рұқсат етілмейтіндігі түсіндірілді.
Түнгі уақыттағы шектеулерді бұзған жағдайда жауапкершілік тек жасөспірімге ғана емес, оның ата-аналарына немесе заңды қамқоршыларына, сондай-ақ мекеме иелеріне де жүктеледі. Ата-аналарға бірінші рет бұзған жағдайда ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанса 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мекеме иелеріне кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта жібергені үшін кәсіпкерлік нысанына байланысты 10–50 АЕК аралығында айыппұл қарастырылғаны ескертіліп, білім алушыларға өз қауіпсіздіктеріне, іс-әрекеттеріне сақ болулары керектігі айтылды
Топ жетекшілері: Г.Қожасбаева, А.Еримбетов
