ЛУДОМАНИЯ – ҚОҒАМ ДЕРТІ
Жастардың болашағы мен қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті мәселелердің бірі – лудомания. Осыған байланысты ЕТ-9-33Г оқу тобында «Лудомания – қоғам дерті» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді.
Тәрбие сағаты барысында қазіргі цифрлық дәуірде кең таралған онлайн-казино, букмекерлік кеңселер мен түрлі ұтыс ойындарының жастар санасына тигізетін кері әсері жан-жақты қарастырылды. Колледж студенттері – өмірлік бағытын енді айқындап келе жатқан, эмоциялық тұрғыдан әсерге тез берілетін жас буын болғандықтан, жылдам табысқа деген қызығушылық олардың құмар ойындарға тәуелді болып қалу қаупін арттырады. Сондықтан лудоманияның алдын алу – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді.
Сонымен қатар, құмар ойындардың психологиялық тұзағы талданып, «бір рет қана ойнаймын», «бұл жолы жолым болады» деген жаңсақ сенімдердің қалай тәуелділікке әкелетіні нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар бір ғана бәс тігудің арты қаржылық қиындықтарға, қарызға бату, жақындарымен қарым-қатынастың бұзылуы және заң бұзушылықтарға алып келуі мүмкін екені жан-жақты баяндалды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құмар ойындарға қатысты қолданыстағы шектеулер мен жауапкершілік түрлері түсіндіріліп, құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық берілді. Тәрбие сағаты студенттерді саналы таңдау жасауға, салауатты өмір салтын ұстануға және болашаққа жауапкершілікпен қарауға бағытталды.
Топ жетекшісі: П.Қ.Омарова
