• Хат жазыңыз:Email: ko_kazguu@mail.ru
  • Мекен-жай:Қызылорда қаласы, Қонаев 17
  • Телефон:+7 (7242) 277527
Blog Detail Image
  • 22.01.2026
  • 29

ҮЙЛЕСІМДІ ӨМІР ФОРМУЛАСЫ: МАНСАП, ОТБАСЫ ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛЫҚ ДАМУ

Қазақстан Халық партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен “ORDA” жоғары колледжінде «Үйлесімді өмір формуласы: мансап, отбасы және тұлғалық даму» тақырыбында мазмұнды шара өтті.
Аталған іс-шара әйелдердің кәсіби қызметі мен жеке өмірі арасындағы үйлесімділікті сақтау, отбасы құндылықтарын нығайту және тұлғалық дамуды қолдау мәселелеріне арналды. Бүгінгі қоғамда әйелдердің мансаптық өсуі, отбасындағы жауапкершілігі мен өзін-өзі дамытуы өзара тығыз байланыста. Осы тұрғыда пікірталас алаңы әйелдердің өмірлік тепе-теңдігін сақтауға, саналы таңдау жасауына және қоғамдағы белсенді рөлін арттыруға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.
Іс-шара барысында әр салада табысты еңбек етіп жүрген тәжірибелі спикерлер сөз сөйледі.
«АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры Қызылорда облысы бойынша ресурстық орталықтың аймақтық маманы Жусупбаева Дина Маратқызы қызмет пен отбасын үйлестіру, әйел-ананың қоғамдағы рөлі жөнінде мазмұнды ойларымен бөлісті.
ҚР Психологиялық қауымдастығының мүшесі, қазақ тілді психолог-тренер және ментор Аймаханова Назира Кенжебекқызы кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау, эмоционалдық тұрақтылық пен өзін-өзі дамыту мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша Сот сараптамалары институтының бас сарапшысы, филология ғылымдарының магистрі, көп балалы ана Жұматаева Айгерім Сәденқызы жауапты қызмет пен отбасылық өмірді үйлестіру тәжірибесімен бөліссе,
№3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері, «Еңбек майталманы» медалінің иегері Арапбай Аружамал Әшібайқызы кәсіби міндет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау, энергияны тиімді пайдалану жөнінде құнды пікірлерін ортаға салды.
Ой талқы алаңы ашық диалог форматында өтіп, қатысушыларға жаңа ой түюге, тәжірибе алмасуға және алдағы мақсаттарын айқындауға мүмкіндік берді. Кездесу барысында айтылған әрбір пікір мен ұсыныс әйелдердің кәсіби және жеке өмірін үйлесімді жүргізуіне, өз әлеуетін толық ашуына бағытталды.