№5 АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНДА КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Халықаралық ORDA жоғарғы колледжі мен №5 арнайы мектеп-интернаты арасындағы өзара ынтымақтастық аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған білім беру мекемесі көру және есту қабілеті бұзылған білім алушыларды оқытуға бағытталған арнайы ұйым болып табылады.
Осы орайда колледж мамандары №5 арнайы мектеп-интернатына арнайы барып, білім алушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Шараның негізгі бағыты – ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың болашақ мамандықты саналы таңдауына қолдау көрсету, олардың қабілеті мен қызығушылығына сай бағыт-бағдар беру болды.
Кездесу барысында оқушыларға заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, оқу мүмкіндіктері, сондай-ақ колледждегі білім беру бағыттары жан-жақты таныстырылды. Әрбір мамандықтың ерекшелігі, оқу үдерісі, тәжірибелік дайындық кезеңдері мен болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, мамандар оқушылармен тікелей байланыс орнатып, олардың жеке қызығушылықтарын ескере отырып, кәсіби бағдар беру бағытында нақты кеңестер ұсынды. Бұл өз кезегінде білім алушылардың өз болашағына деген сенімін арттырып, саналы таңдау жасауына ықпал етті.
Аталған іс-шара инклюзивті білім беру қағидаттарын қолдау мен әрбір білім алушыға тең мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай кездесулер ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың қоғамда өз орнын табуына, кәсіби тұрғыда дамуына және әлеуетін толық жүзеге асыруына септігін тигізеді.
Алдағы уақытта да екі тарап арасындағы ынтымақтастық жалғасын тауып, білім алушылардың сапалы білім алуына және кәсіби қалыптасуына бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.
