ШОҚАН УӘЛИХАНОВ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Халықаралық “ORDA” жоғары колледжінде «Интеллект және қозғалыс синергиясы» апталығы аясында «Шоқан мұрасы: ғылым мен таным кеңістігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) және колледждің бірлесуімен ұйымдастырылды.
Конференция қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушы-демократ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов мұрасын заманауи ғылыми тұрғыда зерделеуге арналды. Ғалымның тарихи, этнографиялық және ғылыми еңбектері жан-жақты талданып, оның ұлттық ғылымдағы орны мен бүгінгі күнмен сабақтастығы кеңінен ашылды. Бұл өз кезегінде жас зерттеушілердің ғылыми көзқарасын қалыптастыруға және танымдық деңгейін арттыруға ықпал етті.
Конференцияның ашылу салтанатында колледж директоры Гульжамила Досжанова сөз сөйлеп, мұндай ғылыми іс-шаралардың студенттердің интеллектуалдық дамуына, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге және зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға қосатын үлесін ерекше атап өтті. Шараның модераторы – директордың халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Сейтжанов Алайдар Сануарович болды. Ал сарапшылар құрамында Бибайша Муслимова, Ислам Құрманиязов және Айнұр Махамбетова қатысып, ұсынылған баяндамаларға кәсіби әрі мазмұнды бағаларын берді.
Бағдарлама аясында 50-ге жуық баяндама тыңдалып, олардың қатарында Қырғызстан мен Түркия елдерінен келген қатысушылар, сондай-ақ өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері болды. Қатысушылар Шоқан Уәлиханов еңбектерінің ғылыми құндылығын жаңа қырынан танытып, өз зерттеу жұмыстарын ортаға салды. Баяндамалар мазмұны тереңдігімен, өзектілігімен және ғылыми негізділігімен ерекшеленді.
Конференция барысында пікір алмасу алаңы қалыптасып, қатысушылар арасында ғылыми диалог орнап, тәжірибе бөлісу кеңінен жүзеге асты. Бұл өз кезегінде халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және білім алушылардың академиялық белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізді.
Шара соңында конференция қорытындыланып, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
