ГЕРМАНИЯЛЫҚ САРАПШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ “ORDA” ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНДЕ ТӘЖІРИБЕ БӨЛІСУДЕ
19 қазан – 6 қараша аралығында Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінде Германиядан келген SES (Senior Expert Service) сарапшысы, инженер Антон Крист «Техникалық мамандықтар» бірлестігінің оқытушыларына кәсіби тәжірибесімен бөлісуде.
Тағылымдаманың негізгі бағыты – «Мехатроника» мамандығы бойынша оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, өндірістік автоматтандыру саласындағы заманауи технологияларды меңгерту және оқыту үдерісіне халықаралық тәжірибені енгізу.
Сарапшы оқытушыларға өндірістік процестерді автоматтандыру, жабдықтарды бағдарламалау, заманауи техникалық құрылғылармен жұмыс істеу тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетуде. Практикалық сабақтар барысында өндірістік жүйелердің жұмыс істеу қағидалары түсіндіріліп, техникалық міндеттерді шешу жолдары мен жабдықтарды тиімді пайдалану әдістері қарастырылуда.
Мұндай кәсіби кездесулер оқытушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, техникалық білім беру саласындағы жаңа тәсілдерді меңгеруге және студенттерге еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай білім беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық сарапшымен тікелей жұмыс істеу тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және білім беру сапасын арттыруға жол ашады.
Халықаралық «ORDA» жоғары колледжі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, оқытушылардың кәсіби өсуіне және техникалық мамандықтар бойынша білім беру мазмұнын заманауи талаптарға сай жетілдіруге басымдық береді.
