ТАРИХИ ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ
6 қараша күні Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің конференц-залында даңқты батыр, көрнекті қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің туғанына 450 жыл толуына орай «Тұран өркениетінің ұлы перзенті» атты тарихи кеш өтті.
Тағылымды шараны Әбілдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен колледждің Дене тәрбиесі және жалпы білімдік пәндер бірлестігі бірлесе ұйымдастырды.
Тарихи кештің негізгі мақсаты – Тұран даласының даңқты перзенті, әйгілі қолбасшы әрі мемлекет қайраткері Жалаңтөс Баһадүрдің өмір жолын, ел басқарудағы қызметін, әскери ерлігін, батырлық болмысы мен адами қасиеттерін кеңінен таныту, жас ұрпақтың тарихи танымын тереңдету және ұлттық мұраға деген құрметін арттыру.
Шараға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Ахметбек Бақытжан, Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің тарих пәнінің оқытушылары Жусупова Бота Маликовна, Байдильдаева Динара Рысдәулетқызы, Кемелбеков Мұрат Есенбайұлы және колледж студенттері қатысты.
Кеш барысында Жалаңтөс Баһадүрдің өмірі мен тарихи қызметі туралы құнды деректер айтылып, оның қолбасшылық қабілеті, ел қорғаудағы ерлігі, мемлекет басқарудағы көрегендігі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар батырдың мәдениет пен сәулет өнерінің дамуына қосқан үлесі, тарихи мұрасы мен ұлт тарихындағы айрықша орны сараланды.
Қатысушылар тарихи тұлғаның парасаттылығы, елге деген адалдығы мен туған жердің тұтастығы жолындағы еңбегіне тоқталып, оның өнегелі өмір жолының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті.
Шара аясында оқырмандар назарына «Қазақтың тарихи тұлғасы» атты кітап көрмесі ұсынылып, Жалаңтөс Баһадүрдің өмірі мен дәуіріне қатысты тарихи-танымдық әдебиеттер таныстырылды.
Жалаңтөс Баһадүрдің ғұмыр жолы – елдік мүддені бәрінен биік қойған ерліктің, туған жерге адалдықтың және ұлт тарихында өшпес із қалдырған қайраткерліктің жарқын үлгісі. Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, өткенге құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды бағалауға үндейді
