ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінде жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі» тақырыбында сала мамандарымен кездесу ұйымдастырылды.
Заң мен тәртіп – қоғамның тұрақтылығы мен ел қауіпсіздігінің басты кепілі. Заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Өйткені тәртіп бар жерде – тыныштық, заң бар жерде – әділдік, ал әділдік орнаған жерде сенім мен жарқын болашақ қалыптасады.
Кездесу барысында қоғамдағы құқықтық мәдениеттің маңызы, заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтық жауапкершілік және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушылар жастарға құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі рөлін түсіндіріп, заң талаптарын орындау мен тәртіп сақтаудың әр азамат үшін ортақ міндет екенін атап өтті.
Іс-шараға:
Досаев Фархат Лиясұлы – «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының директоры;
Күзембаева Гаухар Ерболатовна – Қызылорда қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры;
Мақсат Исағабылов – қазақ күресінен спорт шебері, «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы қатысты.
Мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға заң талаптарын құрметтеу, құқық бұзушылықтан аулақ болу, қоғамдық ортада жауапкершілік таныту және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде тағылымды ойларын жеткізді. Сонымен қатар студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Колледж директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрпейсов Болатбек Абдиевич іс-шараның тәрбиелік маңызын атап өтіп, студенттерді тәртіпті сақтауға шақырды.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, азаматтық ұстаным мен қоғам алдындағы міндеттерін сезіну қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Заңды білу – міндет, оны сақтау – жауапкершілік, ал қауіпсіз қоғам қалыптастыру – баршамыздың ортақ парызымыз!
